Су өмір береді-біз су береміз!

Абоненттік келісім-шарт бөлімі 28-32-05
Апаттық-диспетчерлік қызмет 28-32-43
Өндірістік-техникалық бөлім 23-63-38
Кеңсе 23-71-60
image_2
image1
image7
image4
Сорғы стансалары жаңаруда
27.09.2013

["Орал өңірі" облыстық қоғамдық-саяси газеті] Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің БҚО бойынша департаменті «Батыс су арнасы» ЖШС нысандарына «Сумен жабдықтау жүйелерін қайта құру және жаңғырту» тақырыбында пресс-тур өткізді. Оған мемлекеттік органдардың, «Нұр Отан» ХДП-ның облыстық филиалының, қоғамдық ұйымдардың, БАҚ өкілдері қатысты.   «Батыс су арнасы» ЖШС қайта құру және жаңғырту бағдарламасы бойынша «Грундфос» неміс компаниясының өндірісінен шыққан, төрт сорғыдан тұратын сорғы стансасын сатып алу туралы «Акватория-Ақтөбе» ЖШС-мен келісімшартқа отырған болатын. Аталған құрылғы ПНС-18 және ПНС-21 стансаларындағы ескірген сорғылардың орнына орнатылды. Бұл стансалар қаладағы «Променад» сауда үйі маңындағы және «Самал» шағын ауданындағы тұрғын үйлерді, әлеуметтік нысандарды және кәсіпорындарды сумен қамтамасыз етеді. Қуаттылығы 7 кВт сағат болатын ескі 2 электр қозғалтқыш сорғысы «Грундфос» фирмасының басқару пульты бар, қуаттылығы 2,2 кВт сағат болатын электр қозғалтқыш сорғыға ауыстырылған. Мамандардың айтуынша, ай сайын екі сорғы стансасы 32000 кВт сағат электр қуатын тұтынса, қазір ол 18970 кВт. сағатқа дейін азайған. Бір ай ішінде электр қуаты 40,7%-ға үнемделген немесе ақшалай алғанда айына 191,6 мың теңгені, жылына 2,3 млн. теңгені құрайды.  - Бұл қондырғылар суды қажетіне қарай шақтап босатады. Мына 4 сорғының біреуі ғана іске қосылып тұр. Өйткені күндізгі уақытта пәтер иелері жұмыста болғандықтан, су көп пайдаланылмайды. Су сорғылары қажетіне қарай суды босатуды автоматты түрде реттеп, оның қысымын, көлемін азайтып немесе өсіре алады. Әдетте кешке таман суды тұтыну көлемі өскенде 9, 10-қабаттағыларға су көтерілмей жататыны кездеседі. Мұндай жабдық соларды болдырмайды. Бастысы тұтынушыларды сумен тұрақты, сапалы қамтуға мүмкіндік береді. Кварталішілік желіде су ағынының қысымы азайып, соның нәтижесінде апатты жағдайлар, желідегі ақаулар азайды, - деді «Батыс су арнасы» ЖШС директорының қаржы және экономикалық мәселелер бойынша орынбасары Нұрлыбек Киреев. Жаңа жабдық автоматтандырылған, реттегіш құралдар желіге қажетіне қарай суды босатуды өзі реттеп отырады. Автоматтандырылған электр жеткізгіш жүйесін енгізу электр қуатын үнемдеуді, құрылғыларды қолдану мерзімін 1,5-2 есеге өсіруді қамтамасыз етеді, гидро, электродинамикалық толқындарды болдырмайды, сөйтіп су желілеріндегі техникалық ысыраптарды азайтады.  Оралда 37 су сорғы стансасы жұмыс істейді. Үнемделген қаражат осы стансаларға жаңа құрылғылар сатып алуға жұмсалады. Осыған байланысты,  2014-2016 жылдарға арналып дайындалып жатқан инвестициялық бағдарламада ескірген сорғы станцияларын жаңасымен ауыстыру, автоматтандыру көзделген. Бұған шамамен 77,3 млн. теңге жұмсалады. Сонда сорғы стансаларында электр қуатын үнемдеу шамамен 50%-ды құрайды деп күтілуде. Өзге стансаларды жаңарту жұмыстары алдағы жылы іске асады.  www.zhaikpress.kz, Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА, «Орал өңірі»